Тарихы

Жетпіс жылдан астам уақыт бойы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы кәсіби музыканттарды даярлау ісін жүзеге асырып келеді. Еуропа мен Ресей консерваторияларымен салыстырғанда, бұл - мардымсыз жас, әйткенмен, мәнді де маңызды оқиғаларға байлығы мен даму қарқыны тұрғысынан оның тарихы тұтас дәуірге барабар. Өйткені онда тұңғыш шығармашылық жоғары оқу орнының, күллі кәсіби музыкалық білім беру жүйесінің қалыптасуы ғана емес, сонымен бірге, елдің – әуелі Қазақ КСР-і, одан кейін егеменді Қазақстанның тарихы да тұнған.

1944 жылғы сәуірдің 30-ы күні КСРО Халық комиссарлары кеңесі өз жарлығымен Алматыда консерватория ұйымдастыруды міндеттеді. Осы жарлыққа сәйкес, 1944 жылғы шілденің 24-і күні Н.Оңдасыновтың төрағалық етуімен Қазақ КСР-і Халық комиссарлары кеңесі сол жылғы қазан айының 1-нен бастап Музыкалық-хореографиялық комбинат (қазіргі П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі) негізінде Мемлекеттік өнер институтын ұйымдастыруға қаулы етті, кейін ол Мәскеу және Ленинград консерваторияларының үлгісімен Алматы консерваториясы болып өзгертілді. 1945 ж. консерваторияға ХIX ғасырда ғұмыр кешкен, асқақ күйімен қазақ даласын дүбірлетіп өткен дүлдүл күйші Құрманғазы Сағырбаевтың есімі берілді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945 жж.) Алматыға Мәскеуден орыс өнерінің аса көрнекті қайраткерлері Г.С.Уланова, Ю.А.Завадский, Н.И.Сац, В.П.Марецкая сияқты көптеген өнерпаздар эвакуацияланды. Олардың Қазақстанда атқарған жұмысы жаңа казақстандық мәдениет феноменінің қалыптасуына айтарлықтай ықпал етіп, ол мәдениет қысқа мерзім ішінде ұлттық төлтума еректігінен айырылмай, орыс мәдениеті арқылы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан Еуропаның мәдени дәстүрлерін меңгеріп, өз бойына шақтап бейімдей алды.

Осынау қайшылыққа толы әрі күрделі үдерісте Алматы консерваториясы жетекші роль атқарды. Тіршілігінің алғашқы күндерінен-ақ оның іс-қайраткерлігі осы еуропалық және қазақ ұлттық музыкалық мұрасының әсер-ықпалымен айқындалған екі бағытта жүргізілді. Консерваторияның бұл екі «тармағы» әрдайым тең дәрежеде үйлесімді дамып келді.

Бертінге дейін консерватория елдің бірден-бір музыкалық жоғары оқу орны болып келді, бұл ретте оның өз жетістіктерін мақтаныш етуі әбден орынды. Республиканың барлық дерлік музыкалық ұжымдары, концерттік ұйымдары мен оқу орындары консерватория түлектерінен жасақталған. Консерватория педагогтары мен студенттері АҚШ-та, Батыс және Шығыс Еуропа елдерінде, Ресейде, Қытайда, Түркияда, Мысырда, Катарда, Иранда, Сингапурда, Таиландта, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда және тағы басқа елдерде отандық өнерді бар сын-сымбатымен паш етуде.

Осы өнер ордасында Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев сынды даңқты есімдерден тұратын сазгерлік мектебі қалыптасты.

Консерватория педагогтары ұдайы концерт беріп, халыққа кең танылған, шығармашылығы Қазақстаннан тыс та ілтипат пен сұранысқа ие ірі музыканттар болып табылады. Олардың қатарында майталман пианист Жәния Әубәкірова, атақты хормейстер Анатолий Молодов, әйгілі баритон Ермек Серкебаев, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегенова, «алтын керней» Юрий Клушкин, дәулескер домбырашы Қаршыға Ахмедияров, Халықаралық конкурстардың лауреаты скрипкашы Гаухар Мырзабекова, заманымыздың саңлақ сазгері Еркеғали Рахмадиев және көптеген басқалары бар.

Қазақстанның тәуелсіздік пен егемендікке жетуімен консерваторияға «Қазақ ұлттық жоғары оқу орны» мәртебесі берілді. Осылайша музыкалық білім берудің бәсекеге қабілетті қазақстандық үлгісін жасау міндетінің жаңа сапалық деңгейі белгіленіп, аталмыш жоғары оқу орны мемлекеттің мәдени және саяси басымдықтары қатарына жатқызылды.

Ректор туралы
Консерватория Ректорлары