афиша

Консерватория Ректорлары

Иван Васильевич Круглыхин

Жоғары оқу орнының тұңғыш ректоры (1944 жылдың тамыз айында тағайындалған), тәжірибелі педагог әрі талантты ұйымдастырушы, республиканың музыкалық білім беру ісінің көрнекті қайраткерлерінің бірі. 1945 жылы ректорлық «эстафетасын» өзінің ізбасары А.Қ.Жұбановқа табыстаған И.В.Круглыхин консерваторияны 1951-1957-жж. аралығында қайта басқарды. Сол жылдары консерваторияның іргесі қаланды. И.В.Круглыхиннің басты жетістігі республиканың музыкалық жоо-ның қоғамдық танылуы болды. Иван Васильевич 1955 жылы қазақтың музыкалық туындыларына негізделген сольфеджио бойынша оқу құралын шығарды.

Қазақстанның музыкалық білім беру ісін ұйымдастырып, дамытудағы еңбегі үшін И.В.Круглыхин медальдармен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.


Ахмет Қуанұлы Жұбанов

1945-жылғы желтоқсаннан 1951-жылғы қарашаға дейін консерватория ректоры қызметін атқарды. Сан қырлы дарын иесі Ахмет Қуанұлы ғалым-этнограф, музыкатанушы, композитор, дирижер, педагог, көсемсөзші, музыка саласы бойынша қоғам қайраткері, республикадағы кәсіби музыкалық білім беру ісінің негізін қалаушылардың бірі, тәжірибелі де жігерлі жетекші-ұйымдастырушы болған. Оның консерваторияның іс-қызметін жетілдіру тұрғысындағы еселі еңбегінің қатарында халық музыкасын зерттеу бойынша кабинет, қазақ халық аспаптарын жетілдіру бойынша эксперименталды шеберхана және халық аспаптары бөлімін ұйымдастыруы ерекше орын алады.

Марапаттары мен атақтары: Республикаға еңбегі сіңген әртіс (1936), Қазақ КСР-інің Халық әртісі (1944), «Еңбек Қызыл Ту» ордені (1946), Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің мақтау қағазы (1954), «Тың жерлерді игергені үшін» медалі (1956), «Ленин ордені» (1961), Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық (1968).


Құддыс Қожамиярұлы Қожамияров

Консерваторияны 1957-ші жылдан 1967-жылға дейін басқарды. Құддыс Қожамияров – тұңғыш кәсіби ұйғыр композиторы, көптеген симфониялардың, опералардың, камералық шығармалардың авторы. Қ.Қ.Қожамияровтың ректор қызметіндегі маңызды жетістіктері оның стратегиялық тұрғыдан салмақты кадрлық саясатынан, материалдық-техникалық қордың едәуір нығаюынан (К.Байсейітова атындағы көшеде жаңа оқу корпусының, жаңа жатақхана ғимаратының салынуы, Үлкен концерт залы бой көтеріп, онда орган орнатылуы, опера студиясының, аспирантура, дыбыс жазу кабинетінің ашылуы) көрінді.

Марапаттары мен атақтары: «Германияны жеңгені үшін» медалі (1947), КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1951), «Ленин ордені» (1959), «Құрмет белгісі» (1961), КСРО Мәдениет министрілігінің «Үздік қызметкер» медалі (1964), «Еңбек Қызыл Ту» ордені (1971), Қазақ КСР-інің Халық әртісі құрметті атағы (1973), «Қазан төңкерісі» ордені және «Жұмыстағы үздік табыстары үшін» медалі (1978), «Еңбек ардагері» медалі (1980), Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы (1984), КСРО Халық әртісі құрметті атағы (1987).


Еркеғали Рахмадиұлы Рахмадиев

1967-жылдың наурыз айынан 1975-жылдың маусым айына дейінгі аралықта ректорлық қызметке республиканың көрнекті қоғам қайраткері, композитор, шығармашылық, ғылыми және ұйымдастырушылық жұмыс тәжірибесі мол Е.Р.Рахмадиев келді. Оның басшылығымен опера студиясы жаңа серпінмен дами бастады. Сол жылдары республикадағы алғашқы орган орнатылды. Жаңа ректордың бастамасымен консерваторияда арнайы қыл қобыз класы ашылып, оған оқытушылық қызметке белгілі халық музыканттары шақыртылды. Консерватория елден тыс танымал бола бастады, әр түрлі музыкалық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық байланыста болды.

Марапаттары мен атақтары: «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалі (1947), «Еңбек Қызыл Ту» ордені (1971), Қазақ КСР-інің Халық әртісі құрметті атағы (1975), Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы, КСРО Халық әртісі құрметті атағы (1981), «Халықтар достығы» ордені (1982), Өнердегі аса зор еңбегі үшін Пенсильвания штатының медалі (АҚШ).


Ғазиза Ахметқызы Жұбанова

1975-жылдың маусым айынан 1987-жылдың ақпан айына дейін консерватория ректоры қызметін атқарған Ғазиза Ахметқызы Жұбанова ректорлық эстафетасын өзінің ұлы әкесінен қабылдап алды. Ғазиза Ахметқызы – аса дарынды қазақ композиторы, симфонизм шебері. Оның ректор қызметіндегі іс-қайраткерлігі ұжымның көптеген жетістіктерімен нышандалды: Мәскеу, Ташкент, Әзірбайжан, Рига және басқа да консерваториялармен шығармашылық қатынастар жандандырылды, құрамына консерваторияның студенттік оркестрлері, ансамбльдері, солистері, хор ұжымдары мен опера студиясының қатысушылары кірген ауқымды делегациялардың (300 адамға дейін) Мәскеуге шығармашылық сапарлары жүзеге асырылды. Ташкент пен Бакумен өзара алмасып, концерттер қойылды, студенттердің Чехословакияда, Польша мен Румынияда өнер көрсетуі ұйымдастырылды. Беделді халықаралық, бүкілодақтық және республикалық конкурстардың алғашқы лауреаттары пайда болды.

Марапаттары мен атақтары: «Еңбекте ерекшеленгені үшін» медалі (1959), Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің мақтау қағазы (1961), Бүкілодақтық жас композиторлар шығармашылығы байқауының дипломдары (1960, 1962), Ленин комсомолының сыйлығы (1964), Қазақ КСР-інің Еңбегі сіңген өнер қайраткері (1965), «Ақ құс туралы аңыз» балеті үшін Мәскеудегі Бүкілодақтық тетарлар байқауының Бірінші дәрежелі дипломы, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы және «Ерен еңбегі үшін» медалі (1970), «Батырлық поэмасы» және «Мерекелік увертюра» шығармасы үшін А.В.Александров атындағы күміс медаль (1973), Қазақ КСР-інің Халық әртісі құрметті атағы (1973), «Халықтар достығы» ордені (1977), КСРО Халық әртісі құрметті атағы (1981), «Еңбек Қызыл Ту» ордені (1988).


Дүйсен Құрабайұлы Қасейінов

1987-ші жылдың ақпан айынан бастап 1997-ші жылдың наурыз айына дейін консерватория ректоры ретінде қызмет етті. Оның қажырлы ұйымдастырушылық тәжірибесі экономикалық тұрғыдан аса күрделі кезеңде консерватория қорын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Ол оқу үдерісіне сыбызғы тарту кәсіби мектебін енгізу, «Халық әні» кафедрасын құру, домбырашыларды оқытуда этнопедагогика элементтерін қосу, «Концерттік және театрлық қайраткерлікті ұйымдастыру және жоспарлау» кафедрасын ашу, фольклор кабинетін (ғылыми-зерттеу фольклор зертханасы болып өзгертілген) және қайта ашылған «Қазақ музыкасы мен фольклор» кафедрасын жаңарту бастамасын көтерді.

«Қазақ КСР-інің Халыққа білім беру ісінің үздігі» және «Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген өнер қайраткері" құрметті атақтарымен, «Астана» медалімен және "Құрмет" орденімен марапатталған.


Жәния Яхияқызы Әубәкірова

1997 жылдың сәуір айынан бастап 2018 жылдың мамыр айына дейін консерватория ректоры қызметін атқарды. Майталман пианист, халықаралық конкурстардың лауреаты, профессор Ж.Я.Әубәкірова жоғары музыкалық білім берудің мемлекеттік стандарттарын жаңартуға, консерваторияның Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі беделін арттыруға, материалдық-техникалық базасын күшейтуге зор үлес қосты. Жоғары оқу орнының концерттік қайраткерлігі және халықаралық қатынасы жанданды. Басшы қызметінің тиімділігі музыкалық аспаптар паркін толықтай жаңалау және бұрынғы Байланыс министрлігіне қарасты ғимараттың консерваторияға берілуі есебінен оның аумағын кеңейтуден, құрылымы мен акустикалық өлшемдері жағынан бірегей жаңа концерт залын салудан көрініс тапты.

Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметі атағының (1991), «Францияның әдебиеті мен өнері» орденінің (1998), "Парасат" орденінің (2009) және «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының (2001) иегері. 2002-жылы оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.


Жүдебаев Арман Әділханұлы

Judebaev.jpg 2018 жылдың маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен консерватория ректоры болып тағайындалды. 

2010 ж. Құрманғазы атындағы VIII Республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауында «Домбыра, шертер» номинациясы бойынша Бас жүлде иегері;

2011 ж. Н.Тілендиев атындағы  «Өз елім» саз фестивалі аясындағы байқаудың «Дирижерлеу» номинациясы бойынша Бас жүлде иегері;

2012 ж. КСРО халық артисі, композитор М.Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Алтын таяқша» Республикалық дирижерлер байқауында Бас жүлде иегері;

2014 ж. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

2017 ж. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.