афиша

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен концерт залында Бибігүл Төлегенова апамыздың 90 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары бұрын-соңды болмаған кештің куәсі болды.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен концерт залында ине шаншар орын жоқ. Себебі 14 қараша күні КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, қазақтың бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенова апамыздың 90 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті.
Құрметті Бибігүл Ахметқызы! Сізді 90 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! «Үлкен жүрген жерде – береке болады» дейді қазақ. Әрқашан қазақ елінің, қазақ өнерінің қара шаңырағының берекесі болып жүре беріңіз,- деді құттықтау сөзінде консерватория ректоры Арман Жүдебаев.
Сондай-ақ ректор алдағы уақытта консерваториямыздың мұражайы ашылатыны туралы айтып, мұражайдың алғашқы жәдігері ретінде Бибігүл Төлегенова апамыздың қолтаңбасын алды.
Концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер конкурсының лауреаттары Расул Жармағамбетов, Мадина Оразбай, Балуан Беркенов, Халықаралық конкурстардың лауреаты Мади Мадияров, Ян Рудковский жетекшілік ететін консерваториямыздың аралас хоры және т.б дарынды жастарымыз өнер көрсетті. Олардың өнеріне тәнті болған көрермендер қошеметтерін аямады. Сонымен қатар кеш барысында Бибігүл Ахметқызы жиналған көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, өміріндегі қызықты сәттерімен бөлісті.
Біз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория ұжымы атынан өнер атты ұлы көште халқының жүрегінен орын алып, өз қолтаңбасын қалдырған қазақтың мақтанышы Бибігүл Ахметқызы Төлегенова апамызға ұзақ ғұмыр тілейміз!












вернуться в альбомы