афиша

75 ЖАРҚЫН ЖЫЛ!

2019 жылдың 28-қарашасында Алматы қаласындағы Республика сарайында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 75 жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ өтті.



Осынау мерейтойлық шараны ұйымдастыруға жан-жақты қолдау білдірген және арнайы құттықтауын арнаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұловаға, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының басшылығына ұжым басшысы Арман Жүдебаев өз алғысын білдіретінін жеткізді.

Мерекелік шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау хаты және Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасымжомарт Кемелұлының құттықтау сөзімен ашып берді. Сонымен қатар министр ҚР халық артистері Базарғали Жаманбаев, Ғафиз Есімов, Юрий Клушкин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Базархан Қосбасаров сынды консерваторияның ардагер ұстаздарына мемлекет басшысының Алғыс хатын табыстады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Гүлнар Әбдірахман, Светлана Мұхамеджанова, Айзада Нүсіпова, Торғын Смайылова, Тілеулес Құрманғалиев, Валерия Недлина сияқты ұстаздарымыз марапатталды. 

Мерекелік кеште сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтавтың бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов шаһар басшысының құттықтау хатын оқып, Қазақ елінің өнері мен мәдениетін дамытуға мол үлес қосқан консерваторияның қызметкерлерін Алматы қаласы әкімінің «Еңбегі үшін» медалімен, Алматы қаласының Құрмет грамотасымен және Алматы қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Алматы қаласы әкімінің «Еңбегі үшін» медалімен; Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүдебаев Арман Әділханұлы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Домбыра» кафедрасының профессоры, ҚР еңбек сіңірген артисі Үлкенбаева Айгүл Нариманқызы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Фортепиано» кафедрасының профессоры, ҚР халық артисі, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Қадырбекова Гүлжәмиля Ихсанқызы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Ішекті аспаптар» кафедрасының профессоры, ҚР халық артисі Мырзабекова Гаухар Құрманбекқызы марапатталды.

Көрерменге лық толы болған Республика сарайындағы 75 жылдық Мерейтой құрметіне арналған МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТТЕ консерваторияның ең үздік орындаушы солистері, студенттік оркестр, ансамбль және хор ұжымдарының қатысуымен таңдаулы классикалық туындылар және дәстүрлі ән-күй маржандары орындалды. Консерватория ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаевтың орындауындағы Н. Тілендиевтің «Әлқисса» күйін көрермендер ерекше ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ әлемдік сахналарда дәстүрлі өнерімізді биік деңгейде насихаттап жүрген, оқу орны түлектерінен құрылған «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Мерекелік кешті тамашалауға келген сыйлы қонақтар ішінде Халықаралық TURKSOY ұйымының Бас хатшысы, уақытында консерваторияны бірнеше жыл басқарған Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов те болды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрлігі мен Білім және ғылым Министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігі мен Алмалы ауданы әкімі аппараттарының өкілдері, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының басшылары және көптеген өнер қайраткерлері қатысты.

Фотосуреттердің авторы: ©Хлудеев Андрей, 2019.




































вернуться в альбомы