афиша

Александр Затаевичтің 150 жылдығы аясында «Музыкалық этнографиядағы тұлға, дәстүр, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында этнограф, музыка зерттеушісі Александр Затаевичтің 150 жылдығы аясында «Музыкалық этнографиядағы тұлға, дәстүр, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Шараның мақсаты – атақты этнографтың мерейтойын тойлау ғана емес, сонымен қатар ғұрыптық дәстүрлердің қазіргі замандағы қолданысы мен сақталуы мәселелерін саралау.

 DSC_8398.JPG

Конференцияның ашылу салтанатында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев А.В.Затаевичтің қазақтың дәстүрлі музыкасының зерттелуіне орасан зор үлес қосқаны туралы және бұл шараның маңыздылығын ерекше атап өтті. Ең алғашқы сөз кезегін Арман Әділханұлы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұловаға берді.

 

Ақтоты Рахметоллақызы «А.В.Затаевичтің қазіргі заманғы еуразиялық мәдени кеңістіктің қалыптасуына қосқан үлесі» тақырыбында баяндамасын жұрт назарына ұсынып, мұндай шараның халықаралық денгейде өткізілуінің маңыздылығы туралы айтып, шараны ұйымдастырған консерватория ұжымына алғысын білдірді. Сонымен қатар баяндамашылар қатарында өнертану докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Күзембай Сара Әділкерейқызы, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының профессоры Ғафурбеков Тоқтасын Батырұлы, ҚазССР халық артисі Баяхунов Бакир Яхиянович, Ресей Өнер тарихы институты, аспаптану секторының меңгерушісі Мациевский Игорь Владимирович, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясынан Юнусова Виолетта Николаевна сынды өнер зерттеушілері музыкалық этнография, мәдениет пен өнерді дамытудың жолдары тақырыбы аясында орамды ойларын ортаға салып, алдағы уақытта осындай іс-шаралардың жалғасын табуы туралы идеяны бір ауыздан қолдады.

 

Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Болгария және Венгрия елдерінен келген өнер өкілдерінің басын тоғыстырған халықаралық шара консерватория қабырғасында маусым айының 8-не дейін жалғасып, сол аралықта консерватория қабырғасында шығармашылық кездесулер мен шеберлік дәрістерін өткізеді.

DSC_8473.JPG

DSC_8432.JPG

DSC_8395.JPG

вернуться в альбомы