афиша

«Арыс, біз біргеміз!» гуманитарлық автокеруені жолға шықты

2019 жылы 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы орын алған қайғылы оқиғадан зардап шеккен ағайынға көмек қолын созып жатқан жұртшылық татулық пен мейірімнің үлгісін көрсетуде.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызының бастамасымен Арыстағы ағайынға көмек ретінде бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Аталмыш министрлікке бағынысты ұйымдардың қызметкерлері бір күндік жалақыларын апат аймағына аударып отыр. Сонымен қатар «Арыс, біз біргеміз!» атты гуманитарлық көмек акциясы аясында автокеруендер жөнелтілуде. Зардап шеккен ағайынға дайындалған көмек керуенінде балаларға, ерлерге, әйелдерге арналған киім-кешектер, азық-түліктер,  жеке басқа арналған гигиеналық заттар тағы да басқа көптеген қажетті заттар бар.

Керуеннің алғашқыларының бірі болып бүгін 26 маусымда Алматы  қаласынан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында құрылған штабта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты бірнеше мекемеден жасақталған топ жолға шықты. 
Олардың ішінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ, ҚР Орталық мемлекеттік архив ұжымдарының өкілдері бар.

Керуенді консерватория ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев, ректор кеңесшісі Ермек Скаков, Әуезов театрының директоры,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов, Құрманғазы оркестрінің директор орынбасары Мұхамбет Ешмұханов, Мемлекеттік архив директоры Арнұр Қарымсақовтар бастады.Сонымен қатар топ құрамында елімізге белгілі өнер саңлақтары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Шүкіман Асылбек Боранбай, Нүркен Әшіров, консерватория профессоры, Мәдениет қайраткері  Ерсайын Басықара тағы да басқа өкілдер бар. 

«Арыс қаласындағы оқиға қабырғамызды қайыстырмай қоймады. Біз қиын сәтте бір-бірімізге көмектесуіміз қажет. Сондықтан бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты мекемелер болып жиналып, қолымыздан келгенше көмек қолын созып, болып жатқан жағдайды көзбен көру үшін Арыс қаласына жолға шығып барамыз», - деді сөзінде консерватория ректоры Арман Жүдебаев.

DSC_8852.JPG

DSC_8902.JPG


DSC_8923.JPG

DSC_8943.JPG
DSC_8936.JPG
вернуться в альбомы