афиша

Бүгін консерваторияның А. Жұбанов атындағы кіші залында «Өнердің алтын ұясы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Бүгін консерваторияның А. Жұбанов атындағы кіші залында Қазақстан халқының тілдер күні және білім ордасының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында "Әлеуметтік пәндер” кафедрасы тілдер секциясының ұйымдастыруымен «Өнердің алтын ұясы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Тіл – ұлттың жан дүниесі. Қазақтың ғұлама ғалымы А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,– деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Себебі, тіл – достықтың кілті, бірліктің бастауы, ұлттың жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен басты құндылық десек жаңылмаймыз. Осы сөздерді ұран еткен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының белсенді студенттері тіл мерекесіне арналған шараның жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты. Мерекелік концертте әр факультеттің студенттері өз өнерлерін көрермен назарына ұсынып, жиналған көпшіліктің қошеметіне бөленді. Әсем ән айтылып, күмбірлеген күй тартылып, театрландырылған көріністер қойылған кеште консерваториямыздың «Жайдарман» тобы да өнер көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша консерваториямыздың 75 жылдық мерейтойының қарсаңында әлі де көптеген мәдени іс-шаралар өтпек.










вернуться в альбомы