афиша

Биыл Александр Затаевичке 150 жыл



2019 жылдың 6-7 маусымында Алматыда этнограф, музыка зерттеушісі Александр Затаевичтің 150 жылдығы аясында «Музыкалық этнографиядағы тұлға, дәстүр, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция және «Дәстүр ізімен – По следам традиции - In the footsteps of tradition»» атты дәстүрлі музыкалық концерт өтпек. Шараның мақсаты – атақты этнографтың мерейтойын тойлау ғана емес, сонымен қатар ғұрыптық дәстүрлердің қазіргі замандағы қолданысы мен сақталуы мәселелерін саралау.

Конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Болгария және Венгрия елдерінен 65-ке жуық зерттеушілер қатысады. Олардың ішінде белгілі түркітанушы-лингвист Эва Чаки (Венгрия), музыкадағы жүйелік зтнофониялық әдістің негізін қалаушы Игорь Мациевский, шығыс музыкасының зерттеушілері Виолетта Юнусова, Анна Алябьева, Марина Дубровская (Ресей), музыкатанушы Эмилия Кодарова (Болгария), Өзбекстанның айтулы музыка мамандары Тухтасин Гафурбеков, Александр Джумаев, Дилором Каромат және Зульфия Мурадовалар бар. Қазақстандық ғалымдардан ғылым докторлары Сара Күзембай және Сәуле Өтеғалива, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова қатысады.

6 маусым күні өтетін концертте көрермендер Улугбек Юнусов (дутар, Өзбекстан), Елеман Каныбеков (қомыс, Кырғызстан), Фахраддин Бахшалиев (әнші, тар, Азербайджан), белгілі домбырашылар Нұрболат Жанаманов, Қайрат Какимов, Едіге Набиев, Нуркен Аширов, әнші Еркін Шүкіманов, жыршы Ұлжан Байбосынова, қобызшы Айгерім Қарсақбаевамен қатар «Хассақ» және «Тұран» этно-фольклорлық ансамбльдерінің өнерін тамашалайтын болады.

Александр Викторович Затаевич (1869-1936) қазақтың дәстүрлі музыкасының зерттелуіне орасан зор үлес қосқан тұлға. 1920 жылы қазақ әнін естіп, оны құмартуы Затаевичтің өмірін басқа арнаға бұрып, қазақ музыкасындағы тарихтың жаңа парақтарының ашылуына септігін тигізді. Сол кезеңнен бастап А. Затаевич өзінің болашақ қызметін дәстүрлі музыка мұраларының үлгілерін жинау, оны насихаттаумен тығыз байланыстырады. Қазақтың көл-көсір мұрасын жинақтауды өзіне парыз санаған зерттеуші ұлты басқа болғанына, әрі орта жасқа келгеніне қарамастан, 1920 жылдардың қиын-қыстау кезеңінде кездескен көлік атаулымен, болмаса жаяу-жалпы аралап, көптеген ән-күйлерді нотаға түсіріп, оларды орындаушылар мене жеткізушілер жөнінде көп деректер жинады. Сонымен қатар ол тек қазақ фольклоры ғана емес, қырғыз, өзбек, ұйғыр, дұнған, корей халықтарының да фольклорын зерттеп хатқа түсірді. Осылайша Александр Затаевичтің еңбегі музыка зерттеушілері мен фольклортанушыларға үлкен серпіліс берді.


вернуться в альбомы