афиша

Ең жас композитор Бейсеқожа Нұрәлінің алғашқы шығармашылық кеші өтті

Кеше 2019 жылдың 16 мамырында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үлкен концерттік залында Қазақстандағы ең жас композитор, 50-ден астам классикалық шығармалардың авторы, 13 жасар Бейсеқожа Нұрәлінің алғашқы шығармашылық кеші өтті. Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 55 жылдығына арналған кеш иегері Нұрәлі осы мектепте білім алады.

 Ең жас композитордың шығармашылық кешіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері Буенбаева Гүлмира Жұмаділқызы басқаратын Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандырылған музыка мектеп-интернатының симфониялық оркестрі, Ләззат Жүнісова мен Алмагүл Тубажанова жетекшілік ететін «Ақ тілек» ұлдар хоры, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары қатысты.

 Мектебінің 55 жылдығына арнаған «Мектеп вальсі» атты шығармасымен басталған концерт, алғашқы кешіндегі тыңдармандарымен кездесуіне арналған Нұрәлінің «Көптен күткен кездесу» деген туындысымен жалғасын тапты. Әлемдік классикадағы атақты Антонио Вивальди, Петр Чайковский, Иозеф Гайдн, Астор Пьяццолла сынды композиторлардың ізімен, жанр іспеттес қалыптасқан «Жыл мезгілдері» атты шығармалар желісімен жазылған Нұрәлінің «Жыл мезгілдері. Қыс. Күз» туындылары жас композитордың шығармашылық қарымының кең екендігін байқатты.

 Әлем чемпионы, Сочи қаласында өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған «Аққан жұлдыз» туындысы Нұрәлінің қоғамда болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмайтын зерек әрі сезімтал екендігін байқатады. Ол тек қана аспаптық жанрда емес, сонымен қатар ән де жазады. Концертте оның туған жерге арналған «Қазақстаным», «Атамекен», ата-анаға арналған «Әкешім», «Анашым» атты әндері де орындалды.

 Концертке жиналған көпшілік Нұрәліге риза болып алғысын білдірсе, кәсіби музыкадағы аға буын мамандар ең жас композитордың шығармашылық аяқалысына жоғары баға берді.

 

 

Құрманғазы атындағы

Қазақ ұлттық консерваториясы

БАҚ-пен жұмыс жасау бөлімі

Тел: 8 (727) 261-07-12

e-mail: konser.2018@mail.ru









вернуться в альбомы