афиша

«Фольклорлық аспаптар» номинациясы бойынша қазылар алқасының төрайымы Гүлфайруз Далбағаймен сұхбат.

Жыл сайынғы дәстүрге айналған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Өнер» және «Білім» бағытындағы ХI Республикалық студенттік пәндік олимпиада аталған жоғарғы оқу орнында тыңғылықты дайындықпен асыға күтілетін үлкен жоба болып табылады. Биылғы Олимпиада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрылғанына 75 жыл толуына орай және ХХ ғасырдың әйгілі күйші-композиторы Темірбек Ахметовтың 100 жылдық мерейтойына арналғанын атап өткен жөн. Сайысқа төрелік ететін қазылар алқасының да осыған қатысты пікірін біліп, жас орындаушыларға қойылған талаптар мен кеңестерін білу мақсатында «Фольклорлық аспаптар» аталымының төрайымы – өнертану ғылымының магистрі, Құрманғазы атындағы ҚҰК-ның аға оқытушысы Далбағай Гүлфайруз Есімханқызынан сұхбат алуды ұйғардық.

-         Гүлфайруз Есімханқызы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының шаңырағында өтіп жатқан Республикалық жас орындаушылар арасындағы олимпиадада «Фольклорлық аспаптар» аталымының төрайымы ретінде қазылар алқасының құрамынан табылуыңыз заңды. Өйткені, ұзақ жылдар қазақтың үрлемелі музыкалық аспаптарын, оның ішінде қазақтың сазсырнай тектес аспаптарының түр-түрін дамыту мақсатында айтулы еңбектер жазып, бірқатар талантты шәкірттер тәрбиеледіңіз. Биылғы олимпиададан не күтесіз?

-         Фольклорлық аспаптарды шеберлікпен меңгерген жаңа орындаушыларды және үлкен сахнаға беттеген жаңа есімдердің ашылуын күтеміз.

-         Қазақтың фольклорлық музыкалық аспаптарын атағанда этнограф, ғалым Болат Сарыбаевтың орасан зор еңбегін айтпай кетуге болмайды. Өзіңіз бүгінгі жастардың аяқ алысына қарап, этнограф, ғалымның ізбасарларын көресіз бе?

-         Иә, өте керемет және орынды сұрақ. Белгілі ғалым, этнограф, аспаптанушы Болат Сарыбаевтың қазіргі заманда ізбасарлары мүлдем жоқ деп айтуға болмас. Кешегі дүниеден өткен «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің белді мүшесі Жаһангер Телғожаев ағамыз нағыз Б. Сарыбаевтың ізбасары еді. Бірақ, әттеген-ай дейміз... Сол кісілердің жолын жалғастырушы жас буын шеберлер, осы қасиетті оқу орнының түлектері – мультиаспапшы Азамат Бақия және сазсырнай класынан бітірген Ержан Мұқышевтарды айтуға болады. Бұл жігіттер өздерінің төл аспаптарын меңгеруімен қатар қыш, саз, қамыс, қурай, ағаш, тері, сүйектен жасалатын музыкалық аспаптар жасаудың қыр-сырын өз беттерінше игеріп, қазіргі сұранысты өтеп келеді. Сондықтан, осы азаматтардың болашағына үлкен үміт артамын.

-         Саз сырнай аспабының кәсіби музыкалық аспап ретінде даму жолында жеткен бүгінгі жетістіктері қандай?

-         Саз сырнай аспабының бүгінгі таңда кәсіби деңгейге жеткен музыкалық аспап ретінде үлкен бір жетістігі ол жоғарғы және арнайы орта білім беру оқу орындарында оқу жүйесіне мамандық пән ретінде енуі. Консерватория шаңырағында фольклорлық аспаптардың арнайы мамандық ретінде оқытылуына тікелей мұрындық болған, Халық музыкасы факультетінің бұрынғы деканы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сахарбаева Карима Сүндетқызының еңбегін айрықша атап өткім келеді, сонымен бірге, оркестр мен ансамбльдердегі халық аспаптары құрамында өзінің орнын ойып алуын айтсам толық болады. Алғаш рет сазсырнайшылар ансамблі құрылып, тастауық, үскірік, құссайрауық, бас сазсырнай т.б. окарина тектес қазақтың үрлемелі ансамблі дүниеге келді. Аспап тарихына байланысты монография жазылып, репертуарына қажетті хрестоматиялар жарық көрді.

-         Қазіргі таңда елімізде фольклорлық аспаптарда орындайтын таланттарға сұраныс едәуір артып келеді. Көне саз сырнай, жетіген, шаң қобыз, дауылпаз, шертер сынды музыкалық аспаптарымыздың трендке айналуының сыры неде деп ойлайсыз? Жастардың қызығушылығын арттыруға түрткі болған факторларға тоқталып кетсеңіз?

-         Дәстүрлі музыкалық аспаптарымыздың трендке айналуы алдымен қазақтың бар болмысын, барлық арман-тілегін шынайы бере алған өз бойынан өсіп шыққан сазды домбыра, қобыз, жетіген, сазсырнай, сыбызғы секілді аспаптарда «күй» деген керемет туынды тудыра алған, тіпті адамнан да артық сөйлете алған талантты тұлғалардың шығуы себеп болды. Сонымен қатар, құрылымы, жасалынуы жағынан ең қарапайым музыкалық аспаптар адамның терең жан-дүниесінің қатпарына сынадай ене алатынын сезініп, Кеңес дәуірінде фольклорлық көне аспаптарға, салт-дәстүрге біраз уақытқа дейін тыйым салынғанына қарамастан, ұлт өз жадында берік сақтау қабілетінің арқасында қайта түлетіп, бүгінгі жастар бойында осы терең генетикалық деңгейдегі жады қайта оянып, құрсауланған сана еркіндікке шығып, ерекше серпіліспен мыңдаған жастарды төл аспаптарында ойнатуға қызығушылығын арттырды. Оған жас ұрпақтың үйренсем деген талпынысы, мемлекет тарапынан қолдауы (Домбыра күні, Домбыра телеарнасы, т.б.), мектептің оқу бағдарламасына қосалқы пән ретінде енуі де үлкен қозғау салып жатыр. Біздің мына студенттік олимпиада ұйымдастырушыларының бірі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының еліміздегі шығармашыл жастарға қолдау жасап жүргенін білеміз. Алдағы уақытта фольклорлық аспаптарға да көңіл бөліп демеушілік танытады деп үміттенеміз.

-         Гүлфайруз Есімханқызы, консерватория қабырғасында талай жылдар аянбай еңбек етіп келесіз. Сіздің сахнаға жиі шығып, мол тәжірибеңіз бен орындаушылық шеберлігіңізді де паш етіп келе жатқаныңызды да көріп, қуанамыз. Өйткені, ол жастарға шабыт берері сөзсіз. Бүгінгі күннің талаптары мен құндылықтарының өзгеріске ұшырап жатқанын ескере отырып, өнерпаз жастардың фольклорлық аспаптарды таңдауда, үйренуде, насихаттауда қандай қағидаларды ұмытпауына кеңес бересіз?

-         Өнерпаз жастар фольклорлық аспаптарды таңдауда, оны үйреніп, насихаттау ісінде алдымен бізге дейінгі бабалар салып кеткен сүрлеу мен дәстүрге, рухани мұраға жанашырлықпен қарап, дамытуға дайын болғанын қалар едім. Сол аға буын ұрпақтың сақтап, қалпына келтіру жолында бастаған, жасаған іргелі де игі істерін іліп алып кететіндей жігерлі де қайратты жастар болуын қалаймын. Шәкірттеріміздің бізден алған білімін әрі қарай дамытып, бізден де жоғары асқаралы шыңдарды бағындыра беруін шынайы көңілмен тілеймін. Ең бастысы, мамандық ретінде таңдап алған аспабын үздік игеріп, өз ісінің айтулы шебері болса және дәстүрлі музыкамыздың өрлеуіне өз үлесін қосса, төл өнеріміздің әлі де биік деңгейге шығары сөзсіз.

-         Сұхбат беріп, боямасыз пікір білдіргеніңіз үшін алғыс айтамыз. Шығармашылығыңызға табыс, отбасыңызға амандық тілейміз!

 

Сұхбат жүргізген:

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы

Домбыра кафедрасының оқытушыс, PhD доктор

Ержан Жамеңкеев




 

вернуться в альбомы