афиша

Музыкатанушы Б.И.Қарақұловтың «Музыкалық симметрология» монографиясына таныстырылым жасалды

Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының мәжіліс залында өнертану докторы, профессор Болат Ишанбайұлы Қарақұловты еске алуға арналған Халықаралық дөңгелек үстел өтті. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 75 жылдығына арналған «КӘСІБИ МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ: ТАРИХЫ, ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫ» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының аясында өткен шараға
республикамызға белгілі музыкатанушылармен қатар шетелдік қонақтар да қатысты. Дөңгелек үстелді Құрманғазы атындағы ҚҰК «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті, PhD докторы Айжан Рахманқұлқызы Бердібай жүргізді. Жиын барысында Б.И.Қарақұловтың «Музыкалық симметрология» монографиясына таныстырылым жасалды.

Болат Ишанбайұлы Қарақұлов 1942 жылы Алматы қаласында туған. Өнертану ғылымдарының докторы, музыкатанушы, фольклоршы. Мәскеу консерваториясының хорлық-дирижерлеу факультетін бітірген. 1967-1969 жылдары - Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының хорлық-дирижерлеу кафедрасының дәріскері. 1970 жылдары ҚР Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы өнер және мәдениет институтында қызмет атқарған. Қарақұловтың ғылыми қызметі музыкалық фольклор мен халықтық ән өнерінің алғашқы нұсқаларына тарихи-теориялық талдама жасаумен ерекшеленеді. Республикамыздағы музыкатану ғылымына қосқан елеулі үлесі ретінде Б. Қарақұловтың «Асыл мұра» музыкалық-этнографиялық жинағы жоғары бағаланады.

Дөңгелек үстел төмендегідей құраммен жұмыс жасады: өнертану докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері С.Ә. Күзембай, өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры Ә.И. Мұхамбетова, Түркіменстан елінен келген музыкатанушы, өнертану докторы Ш. Гуллыев, Өзбекстандық қонағымыз, өнертану докторы, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының профессоры Р.С. Абдуллаев, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы М.М. Әуезов, өнертану докторы, Құрманғазы атындағы ҚҰК «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры С.Ы. Өтеғалиева, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаған Д.Қ. Сүлеев, кинорежиссер, сценарист, продюсер, Ә.Б Қарақұлов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚазҰӨУ «Халық әні» кафедрасының оқытушысы А. Елшібаева, «СаГа» баспасының бас редакторы Г.Қ. Шаңғытбаева, өнертану кандидаты, Құрманғазы атындағы ҚҰК «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті, «Музыкалық симметрология» монографиясының жауапты редакторы І.К. Қожабеков, өнертану кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті Г.И. Ысқақова, күйші-зерттеуші, Құрманғазы атындағы ҚҰК аға оқытушысы М. Әбуғазы.









вернуться в альбомы