афиша

«ТҮРКСОЙ» Жастар камералық оркестрінің концерті өтті

Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Алматы қаласы әкімдігі мен Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының бірлескен жобасы «ТҮРІКСОЙ» Жастар камералық оркестрінің концерті өтті.

Түркі Кеңесінің құрылғанына 10 жыл толуы құрметіне арналған, Қазақстан, Қырғызстан және Әзірбайжанда өтетін, жалпы саны 7 концерттен тұратын турненің кезекті кешін консерваториямыздың үлкен концерт залында өткізді. Жиналған халық өнерпаздардың өнерін жоғары бағалап, қошеметін аяған жоқ. Концерт соңында осы кештің негізгі ұйымдастырушысы, оркестрдің құрушысы, Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза сөз сөйлеп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаевты арнайы алғыс хатпен марапаттады. Ректор өз сөзінде оркестрдің өнерін жоғары бағалап, ұжымның шығармашылығына сәттілік тілеп, алғысын білдірді. Сондай-ақ марапатталғандардың қатарында консерваторияның ардагер ұстаздары да бар.

Ұйымға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 27-ші Тұрақты Кеңесінің шешімімен 2010 жылы құрылған ТҮРІКСОЙ Жастар камералық оркестріне түркітілдес елдердің жетекші консерваторияларының талантты түлектері таңдап алынған. Оркестр бүгінге дейін  Европа, Америка және Азия елдерінде 60-тан астам концерттер ұйымдастырып, халықаралық аренада өте танымал ұжымдардың біріне айналды. ТҮРІКСОЙ Жастар камералық оркестрінің басты ерекшелігі – репертуарының негізгі бөлігі түркітілдес елдердің композиторларының шығармаларынан құралуында.