афиша

«Жаппай ашық онлайн-курстар: дайындау, алға жылжыту және қолдану» атты әдістемелік семинар


 2020 жылдың 24 қаңтарында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Жаппай ашық онлайн-курстар: дайындау, алға жылжыту және қолдану» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.
Семинардың мақсаты: консерваторияда жаппай ашық онлайн курстар туралы ақпарат беру, бұл курстардың ЖОО оқу процесіне қалай көмек көрсете алатынын көрсету.
Семинарға консерваторияның декандары, кафедра меңгерушілері және профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Семинар екі бөлімден тұрды. Бірінші бөлімде «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті Ш.А. Аманжолова ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың білім беру саласында білімнің сапасын арттыруда, білім беру үдерісін модернизациялауда, тиімді тәсілдерді пайдаланылуда және одан әрі жетілдірілуде маңызды роль атқаратынын айта отырып, жаппай ашық онлайн курстарға анықтама берді. Және олардың даму тарихы, алғашқы құрылған ашық онлайн платформалар, оларға жүктелген онлайн курстар және бұндай курстардың өң және теріс жақтары туралы баяндама жасады. Қазақстан Республикасының білім беру үдерісіне қатысты заңдық-нормативтік құжаттарға сәйкес, оқу үдерісінде онлайн курстарды пайдалануға тиым салынбайтынын, яғни бұндай курстарды ЖОО дайындай алады және оқу үдерісінде қолдана алады деп айтты. Қазақстанда құрылған Ұлттық ашық онлайн платформасы көрсетілді және бұл платформаның ерекшелігі, әртүрлі білім салалары бойынша ұсынылған курстармен қатар, танымал тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің мотивациялық дәрістері де берілгені туралы айтып өтті. Өкінішке орай, біздің өнер саласында білім беретін ЖОО бұл платформада тіркелмегені, яғни өнер саласында бұндай курстардың жоқтығына ерекше тоқталды. Консерватория алғашқылардың бірі болып өнер саласына қатысты жаппай ашық онлайн курстарын дайындап, білім беру үдерісінде жаңа сатыға көтерілуі керек деп, Ш.А. Аманжолова баяндамасына қорытынды жасады.

Екінші бөлімде жаппай ашық онлайн курстарын қалай дайындау, алға жылжыту және қолдану  туралы баяндаманы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Г.Б. Әбдірахман  жасады. Гүлнар Бақытқызы  өз баяндамасында онлайн курстарды құру процесстері бірнеше сатылардан, яғни кіріспе, модульдер, олардың ішінде тақырыптар, әрбір тақырыптарға теориялық түсініктемелер, аудио-видео контенттер, тапсырмалар, студенттерге арналған тесттер, форумдар жиынынан тұратынын нақты онлайн платформада көрсетті. Курсты жүргізу оқытушының жүйелі қызметін қажет ететінін де ескерте өтті, яғни автор курсты дайындап, ұсынып қана қоймай, курсқа тіркелген адамдардың үлгерімін, сабаққа қатысуын қадағалап отыратынын, оны арнайы электрондық журнал арқылы жүргізуге болатынын айтты. Тыңдаушы курсқа тіркелгенімен, белсенді жұмыс жасамай, тест тапсырмаларын орындамаса, оның электрондық поштасына жазып, ескертіп отыру қарастырылған. Курстар жасалатын платформалар таныстырылды. Мысал ретінде, 30 қазан мен 11 қараша аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  ЖАОК орталығында Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен мамандарына арналған «Жаппай ашық онлайн-курстар: дайындау, алға жылжыту және қолдану» атты біліктілікті арттыру курсына қатысып, онда жасап шыққан онлайн курсын көрсетілді.

Жиын соңында: «Әдістемелік семинар өткізуіміздің ең басты себебі, білім берудің инновациялық технологияларын оқыту үрдісінде кеңінен пайдалану керектігі туралы айту және жаппай ашық онлайн курстар туралы ақпарат беру, оларды жасауға үлкен қызығушылық ояту болатын» деп сөз түйіндеді проректор  Г.Б. Әбдірахман.








вернуться в альбомы