афиша

Қобыз және баян кафедрасы

КАФЕДРА ТАРИХЫ


Кобыз баян.jpg


Алматы консерваториясының халық аспаптар кафедрасы 1945 жылы қыркүйек айында құрылды,оның негізін қалаушы ұлттық аспаптарды үйретіп-оқытудың Қазақстандық кәсіби-шеберлік мектебінің негізін қалаушы академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов. Ұлы музыкант халық аспаптары кафедрасын жоғары деңгейге көтеруді, әлемге танымал музыканттар дайындауды, тамаша туындыларды дүниеге әкелуді және халық музыкасын әлемге паш етуді мақсат етіп қойған еді. Ұлы Отан Соғысы кезінде Алматыға қоныс аударылған Мәскеу консерваториясының көрнекті профессорларын және ел арасынан шыққан атақты, күйші, домбырашы дәстүрлі музыка мәдениетінің орындаушыларын оқытушылық жұмысқа шақыра отырып, тыңнан түрен салды.

1980 жылы Халық аспаптар факультеті құрылғанда факультет құрамындағы үш кафедраның бірі болып, қобыз және баян кафедрасы құрылды.Әр жылдары кафедрада қазақ өнерінің дамуына белсене ат салысқан мәдениет қайраткерлері, ұстаздар қызмет атқарды.

Аты аңызға айналған Қорқыт бабаның көне қобызы сан ғасырлар бойы тек жыршы, жыраулардың, бақсылардың құралы ретінде ғана қолданылып, дәстүрлі музыкада кең қолданысқа түспеген еді. XIX ғасырда әйгілі қобызшы Ықылас өз күйлерін шығарды. Ал кеңес өкіметі кезінде бұл киелі аспап ескілік сарыны ретінде мүлдем назардан тыс қалды. XX ғасырда дәстүрлі қобызды жаңғырту үшін халық арасынан шыққан көрнекті қобызшылар Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаевтар кафедраға шақыртылды. Олар ата-бабамыздың ғасырлар бойы сақтап, ауызша жеткен ұлттық мұрасын кейінгі ұрпаққа, яғни шәкірттеріне жеткізді. Кафедраның алғашқы түлектерінің бірі Базархан Қосбасаров, кейін консерваторияда қобыз мамандығы бойынша сабақ беруге қалып, Алматы консерваториясының оқытушылық кадр құрамының қатарын көбейтіп, қазақстандық музыкалық-педагогикалық орындаушылар білімінің негізін қалады.

Қазақстанның қобыз мектебінің басты тұлғасы Қазақстан Республикасының халық артисі, профессор Фатима Жұмағұловна Балғаева – XX ғасырдағы көрнекті қобызшы, педагог. Шеберлігі мен шығармашылық талғамы А.К. Жұбанов, М. Төлебаев, Л.А. Хамиди, Е.Г. Брусиловский, С.И. Шабельский, Б.Ш. Сарыбаев, Ф.Ш. Мансұров, Ш.С. Қажығалиев сынды тұлғалармен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста дамыды. Қобызшыға арнап композиторлар А. Жұбанов пен Х. Тастанов шығармалар жазды. Фатима Балғаева скрипка мен виолончельдің орындау әдістері және қыл қобыздың дәстүрлі орындаушылығының негізінде қобыз примада ойнауға үйретудің өзіндік оқыту әдістемесін жасады. Әйгілі қобызшының Қазақстан және шетелдегі концерттік қызметінің арқасында қобызда орындау өнері республикада қарқынды даму алды. 1951 жылы Фатима Балғаева Берлин қаласында өткен III Бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің аясында халықаралық байқаудың лауреаты атанды. 

Балалар музыка мектептерінде, орта, жоғарғы оқу орындарында қобыз сыныптарын ашты. Ф.Ж.Балғаеваның түлектерінің арасында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртистері: А. Шагирова, М. Каленбаева, Г. Ізтлеуова, Р.Қойшиева; Еңбек сіңірген мәдениет қайраткер Р. Нұрпейісова; Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мұғалімі Д. Тезекбаев.

Бас қобыз сыныбының негізін Мәскеу консерваториясының профессоры Л.Я.Эдельман салды. Оның алғашқы шәкірті Болат Сарыбаев болды. Көрнекті ғалым Болат Шамғалиұлы консерваторияда оқытушылық қызмет атқара жүріп, ежелгі қазақ музыка аспаптары: жетіген, саз-сырнай, шаң-қобыз, сыбызғы, уілдек, шертер сияқты көптеген ерекше халық аспаптарды ел арасынан жинап, олардың қайта өмірге келуіне, жаңғыруына, дамуына баға жетпес үлес қосты. 

Кафедра дамуының келесі кезеңі 1957 жылы баян сыныбының ашылуымен байланысты. Оны ашқан Гнесиндер атындағы ММПИ-дің түлегі Ф.В.Легкунец еді. Фёдор Васильевич өзінің шәкірті Валентин Степанович Басаргинмен бірге Қазақстандағы баян мектебінің құрылуы мен дамуына зор үлестерін қосты. Ф.В.Легкунец өз шәкірттерімен жоғарғы және орта арнайы музыка мектептерінде баянда кәсіби орындаушылар дайындауда табысты еңбек етіп, Мәскеу баян мектебінің алдыңғы қатарлы озық әдістемесі мен тәжірибесін республиканың оқу орындарында кеңінен таратты.

Халық аспаптары кафедрасы тарихындағы тағы бір ерекше кезең 1980 жылы «қобыз және баян» кафедрасының жеке кафедра болып құрылуы. Қобыз және баян кафедрасының алғашқы меңгерушісі 1970 жылдан бастап халық аспаптары кафедрасын басқарып келген Фәтима Жұмағұловна Балғаева болды. Қазақстан Республикасының Халық артисі профессор Ф.Ж. Балғаеваның білгір кадрлық саясаты жоғары деңгейлі мамандандырылған педагогикалық ұжым қалыптастыруға бағытталды. Б.Ш. Сарыбаев, Я.И. Фудиман, Ф.В. Легкунец, В.С. Басаргин, Т.О. Оқапов, Д.Х. Тұяқбаев, З.Б. Бисембаева, В.А. Петренко, О.А. Абдуллаев, С.Т. Қожахметов, М.Ж. Өтеуов, С.С. Сейтханов, Е.И. Исаметов, В.А. Евдокименко сынды майталман мамандар кафедра құрамында жұмыс істеп, кафедраның өркендеуіне үлестерін қосты. Кафедра профессорлары М.К. Каленбаева, Ғ.А. Молдакәрімова, А.М. Гайсин, Б.А. Қосбасаровтардың кафедраның дамуына сіңірген еңбектері шексіз. 1984 жылы кафедраның жұмысына талантты, қабілетті түлектер  З.Н. Смақова және Ш.З. Рауандина тартылды.


Оқытушы құрамы:

Қосбасаров Базархан Абуович  - Профессор (ВАК), кафедра меңгерушісі; 
Каленбаева Меруерт Кабыкеновна  - Профессор (ВАК);
Молдакаримова Галия Абильакимовна - Профессор (ВАК);
Гайсин Анатолий Мубаракзянович - Профессор (ВАК);
Абдуллаев Ондасын Абдуллаевич - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор (ВАК);
Смакова Зауре Нигметовна- ҚР мәдениет қайраткері, профессор (акад);
Рауандина Шолпан Задановна - ҚР мәдениет қайраткері, профессор (акад);
Қожахметов Сұлтан Тайгараевич - Аға оқытушы;
Болтаева Ғайни Адильбековна - Аға оқытушы;
Джунусова Балжан Бекеновна - Аға оқытушы;
Медеубек Мақсат Сағатбекұлы - Оқытушы, PhD;
Бекмолдинов Нартай - Оқытушы, PhD;
Рақымжан Асель - Оқытушы;
Уразгалиева Рита Маратовна - Оқытушы;
Керімбаев Мұса - Оқытушы;
Шұғай Айғаным Шұғайқызы - Оқытушы;
Дүйсенбаева Жазира - Оқытушы;
Қаламбаева Құндыз Жаппасқызы - Оқытушы;